Биыл Түркістан облысында 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 250 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта 34 инвестжоба іске қосылып, 4889 адам жұмыспен қамтылған.
Өңірде 2025-2028 жылдар аралығында 111 инвестжоба пулын қалыптастырып, бұл бағытта тұрақты жұмыс жүргізу жоспарланған. Жоба толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар биыл облысқа негізгі капиталға салынған инвестициялар көрсеткішін 1 трлн. 427,1 млрд. теңгеге жеткізу міндеті жүктелген. 9 айдың қорытындысымен облыстың капиталына тартылған инвестициялар көлемі 1 трлн. 12,2 млрд. теңгені құрады.
«Бұдан бөлек 2025 жылға 475 млн. АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту индикаторы бекітілген. II тоқсанның қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды».
Сондай-ақ жыл басынан бері 92-ден астам шетелдік компаниямен кездесулер өтіп, ҚХР, Иран және Өзбекстан елдеріне ресми сапарлар ұйымдастырылған. Нәтижесінде арнайы аймақтарда белсенді қоспалар мен дәрумендер өндірісі, кеңселік қағаз өндірісі, сэндвич-панельдер мен еден жабындарын өндіру, тамшылатып суару жүйелерін енгізу, балыққа арналған құрама жем өндіру және өсімдік майын өндіру жобалары іске асыру жоспарналған.
Дереккөз: Түркістан облысы әкімдігі