Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстандық авиациялық жасыл отын жобасы үздік шықты
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 11 қараша, 2025 | 11:37
1 минут - оқу уақыты

Қазақстандық авиациялық жасыл отын жобасы үздік шықты

«Жасыл дәліздер» ауаға бөлінетін көмірқышқыл газының әсерін азайтуға мүмкіндік береді

QazMonitor Logo
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қазақстандық ғалымдардың «Жасыл дәліздер» жобасы тұрақты авиация саласындағы әлемдік үздік үш бастаманың бірі ретінде Sheikh Mohammed Bin Rashid Al Maktoum Global Aviation Award беделді сыйлығын иеленді.

Азаматтық авиация академиясының докторанты Нұрсұлтан Томпиев жетекшілік етіп және «Қазаэронавигация» кәсіпорнының мамандары М.Асылханов, А.Ахметбаев және А.Аққұловтың қатысуымен әзірленген жоба авиакомпаниялар үшін аэронавигациялық алымдарды төмендетуді, экологиялық отын көлемін ашық растауға арналған Book & Claim механизмін пайдалануды, көмірқышқыл газы шығарындылары мен конденсациялық іздердің әсерін ғылыми модельдеуді, сондай-ақ 2026 жылы пилоттық бағыттарды іске қосып, кейіннен кеңейтуді көздейді.

«ИКАО деңгейінде мойындалу – командамыздың еңбегіне берілген баға ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның әуе кеңістігін Еуропа мен Азия арасындағы «жасыл авиациялық көпірге» айналдыру жолындағы маңызды қадам. Бұл марапат – жүйелі ғылыми көзқарас пен жаңашыл ойлау бүкіл саланы жаһандық деңгейде өзгертетінін дәлелдейтін белгі. Біз Қазақстанда туындаған идеялар әлемдік үздік жобалармен бәсекелесе алатынын және тұрақты авиацияның жаңа бағыттарын айқындай алатынын көрсеттік», – деді жоба жетекшісі.

Сондай-ақ оның айтуынша, экологиялық тұрғыдан алғанда жоба SAF қолданылатын рейстерде көмірқышқыл газы шығарындыларын 70-80%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Экономикалық жағынан ол Қазақстанның әуе кеңістігінің транзиттік авиатасымалдаушылар үшін тартымдылығын арттырады, ал имидждік тұрғыдан елдің тұрақты авиация саласындағы жаңашыл әрі жауапты қатысушы ретіндегі беделін нығайтады.

Sheikh Mohammed Bin Rashid Al Maktoum Global Aviation Award – авиациялық инновациялар, тұрақты даму және цифрлық трансформация саласындағы үздік әлемдік тәжірибелерді ілгерілету мақсатында тағайындалған халықаралық марапат.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.