Биыл 362 мыңнан астам қазақстандық Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында онлайн-курстан өтіп, сертификаттар алды, оның 51,4 мыңға жуығы жұмыссыз азаматтар (шамамен 16,3 мыңы – 16-35 жас аралығындағы жастар).
Министрлік мәліметінше, ең көп жұмыссыз жастар оқыған аймақтар: Түркістан облысы (2,2 мың), Шымкент (1,3 мың), Қызылорда және Қостанай облыстары (1,1 мың). Жалпы, платформа жұмысының барлық кезеңінде 732,1 мың адам оқудан өткен. Ал платформада барлығы 860 мың қазақстандық тіркелген, оның 472,2 мыңы – 2025 жылы тіркелді.
«Платформа іске қосылғаннан бастап авторлар әртүрлі бағыттар бойынша 1 000-н астам курс жариялады, оның 375-і тегін. Сондай-ақ, одан әрі оқу үшін білім беру алаңдарына ауысу мүмкіндігімен Courstore, Fluent Education және Яндекс Қазақстан серіктестерінің курстары бар. Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін».
Ведомство мәліметінше, қазан айындағы «IT және телекоммуникации», «Аспаз-кондитер», «Сенің мансаптық бастамаң: «Электрондық еңбек биржасын» қалай пайдалануға болады», «Персоналды басқару», «Пішу және тігу» курстарына сұраныс көп болған.
Айта кетейік, платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Ол маркетплейс – қызметтер нарығы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрылған. Оқуға мына сілтеме арқылы немесе Электрондық еңбек биржасында (Enbek.kz) «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы қол жеткізуге болады.
Сонымен қатар білім алушы платформада оқытудың қолайлы қарқыны мен тілін, материалды берудің ыңғайлы принципін дербес таңдайды, білім беру үдерісіндегі өзінің ілгерілеуін бақылай алады. Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсырады. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – білім алушы тарапынан курсты бағалау. Сертификатты жүктеу кезінде игерген дағдылар бойынша Enbek.kz-те бос жұмыс орындарының ұсыныстары қосылды. Ал курс соңында берілген сертификат электронды порталдағы түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі.
Дереккөз: Еңбек министрлігі