Премьер-министр Олжас Бектенов америкалық LanzaJet компаниясының басшылары Джимми Самариц және Стефан Тионмен өнеркәсіптік және технологиялық серіктестікті дамыту мәселелері бойынша кездесу өткізді. Кездесуде Қостанай облысы Рудный қаласында авиациялық SAF (Sustainable Aviation Fuel) отынын өндіретін зауыт салу жобасы талқыланды.
LanzaJet – шикізаттың әр түрінен, соның ішінде органикалық (дән, жүгері, картоп және т.б.) заттардан алынған этанолдан экологиялық таза SAF авиаотынын өндіру технологиясын әзірлеп шыққан компания. Болашақ кәсіпорынның қуаты - 54 мың тонна авиаотын және 100 мың тонна биоэтанолдың өңделген түрлері. Бүгінгі таңда зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары аяқталды.
Жоба «жасыл» авиацияны дамытуға және АӨК-те тереңдетіп өңдеуге бағытталған. Биоотын өндірісі парниктік газдар шығарындыларын азайтуды қамтамасыз етпек. Бұл Қазақстанның климаттық және энергетикалық күн тәртібінің негізгі басымдықтарына сәйкес келеді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда халықаралық әуе хабын құру міндетін қойды. Әуежайлардың әлеуетін кеңейту және инфрақұрылым құрумен қатар, саланы сапалы әрі экологиялық таза авиаотынмен қамтамасыз ету мәселесі маңызды. Біз ынтымақтастықты нығайтуға дайынбыз. Үкімет бұл жобаға жан-жақты қолдау көрсетеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Кездесуге қатысушылар Қазақстандағы тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіру жөніндегі жобаның негізгі бағыттарын егжей-тегжейлі қарастырды. LanzaJet компаниясының басшылығы тарапынан жобаны бірлесіп жүзеге асыру үшін интеграцияланған құрылым құру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Анықтама: LanzaJet Чикагода (АҚШ) бас кеңсесі бар жетекші америкалық LanzaTech биоинженерлік компаниясымен құрылған. LanzaTech-пен қатар негізгі инвесторлар ірі трансұлттық корпорациялар саналады: International Airlines Group, Mitsui & Co., Ltd., Shell, Suncor Energy, British Airways, LanzaTech, Microsoft, Breakthrough Energy, All Nippon Airways (ANA), Airbus, Groupe ADP және тағы басқа компанияның әлемдегі ең ірі авиакомпаниялармен ұзақмерзімді офтейк-келісімдері бар.
Дереккөз: ҚР Үкіметі