Қазақстан SAF тұрақты авиациялық отынды өндіру жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Еуропалық және Солтүстік Атлант аймақтық бюросының директоры Николя Ралломен кездесуден кейін белгілі болды.
Кездесуде тараптар авиация саласын тұрақты дамыту мәселелерін, соның ішінде Қазақстанда тұрақты авиациялық отын SAF (Sustainable Aviation Fuel) өндіру және енгізу перспективаларын талқылады.
Вице-министр Қазақстан «жасыл» трансформация процесіне белсенді қатысуда, жаңартылатын энергия көздерін және экологиялық тұрақты жобаларды дамытуға баса назар аударып отырғанын атап өтті. Тұрақты авиациялық отын өндіру мен дамыту – елдің авиация секторындағы шығарындыларды азайтудың маңызды бөлігі болады.
Энергетика министрлігі американдық LanzaJet компаниясымен бірлесіп тұрақты авиациялық отын өндіру жобасын іске асыруға мүдделі.
Сонымен қатар Қайырхан Тұтқышбаев отандық мұнай өңдеу зауыттары қысқа мерзім ішінде Jet A-1 маркалы авиаотын өндірісіне көшуге дайын екенін айтты.
Бұдан бөлек, қазіргі уақытта отандық зауыттарда авиаотын өндіру көлемін 2026–2032 жылдар аралығында 1,7 млн тоннаға дейін арттыруды көздейтін ірі жобалар жүзеге асырып жатыр.
Дереккөз: Энергетика министрлігі