Биыл 10 айда Қазақстанда шағын және орта бизнес субъектілеріне 1,3 млрд теңгеден астам сомаға шығындары өтелді.
«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының деректері бойынша, 2025 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында 1 349 540 880 теңге мөлшерінде орталық кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыру және өнімдерін ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған шығындары өтелді.
«Қаражаттың басым бөлігі 1 млрд 346 млн теңгеден астам сома еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындарды өтеуге жұмсалды. Бұл қаражат технологиялық процестерді жетілдіруге, қызметкерлердің біліктілігін және өндірісті ұйымдастыру тиімділігін арттыруға, цифрлық технологияларды енгізуге, сондай-ақ технологиялық жабдық сатып алуға және басқа да қажетті шығындарға бағытталған», делінген ақпаратта.
Осы аралықта шағын және орта бизнес өкілдерінен түскен 61 өтінім мақұлданды. Өтінім беру белсенділігі бойынша Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, сондай-ақ Алматы, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының өнеркәсіп кәсіпорындары көш бастады. Салалық тұрғыда ең көп өтінім машина жасау, металлургия, АӨК, жеңіл өнеркәсіп және жиһаз өндірісі кәсіпорындарынан түсті.
Айта кетейік, аталған шығындардан бөлек, кәсіпорындар өнімдерін ішкі нарыққа ілгерілетуге қатысты шығындарын да өтей алады. Бұл шығындарға тауарларды сертификаттау, инспекциялық аудиттен өткізу, сондай-ақ аяқ киім өнімдерін таңбалауға арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді қоса алғанда, сәйкестендіру таңбаларын қоюға қажет жабдықтарды сатып алу шығындары кіреді.