Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қарағандыда алғашқы инклюзивті арт-кафе ашылады
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 08 қараша, 2025 | 17:05
1 минут - оқу уақыты

Қарағандыда алғашқы инклюзивті арт-кафе ашылады

Онда ерекше қажеттілігі бар жастар түрлі курстарды оқи алады

Қарағанды облысы әкімдігі
Қарағанды облысы әкімдігі

Қарағандыда алғашқы инклюзивті арт-кафе ашылады. Онда менталдық және физикалық ерекшелігі бар жандар бірлесіп еңбек етіп, өз қабілетін танытуға мүмкіндік алады.

Нысан Майқұдықтағы интеграциялық «Бізбен бірге бол!» орталығында жасақталған. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен қала әкімі Мейрам Кожухов жаңа арт нысанға барып, оның жұмысымен танысты.

Интеграциялық орталықтың жетекшісі Әсел Бекбаева инклюзивті арт-кафе халықаралық тәжірибені негізге ала отырып құрылғанын атап өтті. Мұнда ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттер кәсіби машықтарын жетілдіріп, еңбек нарығына бейімделудің алғашқы тәжірибесін жинақтайды.

«Біздің басты мақсатымыз – ерекше жандардың қоғамнан оқшауланбай, еркін араласып, өз орнын табуына жағдай жасау. Мұнда олар жаңа достар табады, еңбек етіп, өз қабілеттерін аша алады. Ұжымымыз бірлікте жұмыс істейді, және алғашқы нәтижелер көңіл қуантады», деді орталық жетекшісі Әсел Бекбаева.

Алғашқы кезеңде мұнда ауысым бойынша сегіз адам жұмыс істейді. Олардың барлығы 16 жастан асқан, денсаулығына байланысты қоғамға бейімделуі мен жұмыс табуы қиын жастар. Инклюзивті арт-кафе интеграциялық орталықтың базасында орналасқан.

«Мұндай бастамалар инклюзивті қоғам құрудың нақты үлгісі. Бұл – әр азаматқа тең мүмкіндік берудің маңызды қадамы», – деді Ермағанбет Бөлекпаев

Айта кетейік, аталған жоба «ACET inclusive» қоғамдық бірлестігімен Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылып жатыр. Мұнда 16 жастан асқан менталдық ерекшелігі бар жастар компьютерлік сауаттылық, бариста, тігінші және аспаз мамандықтарына оқи алады. Бағдарлама әрбір қатысушының жеке қабілеті мен қажеттілігіне бейімделген. Орталық оларды тек оқытып қана қоймай, жұмысқа орналастыруға да қолдау көрсетіледі. 

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.