Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Еліміз сыртқы сауда-саттықтың 81%-ын электронды форматта жүргізеді
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 07 қараша, 2025 | 16:46
1 минут - оқу уақыты

Еліміз сыртқы сауда-саттықтың 81%-ын электронды форматта жүргізеді

CART.IS Қазақстанның сауда саласындағы цифрландыру қарқынын зерттеу нәтижелерін жария етті

QazMonitor Logo
ҚР Сауда және интеграция министрлігі

Зерттеу нәтижелерімен Астанада Сауда және интеграция министрлігі, QazTrade, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйым өкілдері танысты.

Зерттеу жұмысы сыртқы экономикалық қызметке қатысы бар 27 негізгі қызметті қамтыды. Олардың 81 %-ы электронды форматта көрсетілсе, 19 %-ы әлі де қағаз түрінде қалып отыр. Сондай-ақ 15 мемлекеттік IT-жүйе өзара байланыссыз жұмыс істейтіні, олардың тек 11-і ғана ведомствоаралық электронды жүйеге қосылғаны анықталса, 14 жүйе интеграцияны қажет етеді.

Зерттеу трансшекаралық рәсімдердің 60 %-ы басқа елдердің жүйелерімен, ең алдымен Ресей, Қытай, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстанмен цифрлық байланысты қажет ететінін көрсетті. Мұндай байланыс болмаса құжат рәсімдеу қайталанып, бизнес өкілдері қосымша шығынға ұшырайды.

Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков сауда рәсімдерін оңайлату тек цифрландырумен шектелмей, мемлекеттік жүйелердің үйлесімді архитектурасын қажет ететінін айтты.

«CART.IS жай зерттеу емес. Бұл – сыртқы сауданы жылдам, ашық және болжамды етуге бағытталған нақты құрал», – деді ол.

Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич өз сөзінде Қазақстан Орта Азияда цифрлық трансформация саласындағы көшбасшы екенін атап өтті.

«Қазақстан цифрлық үкімет пен қағазсыз сауданы дамытуда үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Бұл – Еуропамен экономикалық байланыстарды кеңейтуге берік негіз», – деді дипломат.

Зерттеуде 12 мемлекеттік мекеменің тек бесеуінде ғана цифрландырумен айналысатын жеке департаменттер бар екені белгілі болды. QazTrade басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Құлбатыровтың айтуынша, сауданы толық қағазсыз форматқа көшіру еліміздің жыл сайынғы сауда айналымын 10–15 %-ға арттырады.

«Бұл бизнес шығындарын азайтып, экспорттық әлеуетті еселей түседі», – деді ол.

CART.IS талдауы «Ready4Trade: Транскаспий көлік дәлізі арқылы өркендеуге жол» жобасы аясында жүргізілді. Жоба Еуропалық одақтың қаржыландыруымен және Халықаралық сауда орталығының жүзеге асыруымен іске асуда. Оның мақсаты – сауда рәсімдерін жаңғырту, өңірлік байланыстарды нығайту және Орталық Азия елдеріндегі шағын және орта бизнесті қолдау.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.