Биыл дербес деректерді қорғау саласындағы заңнамасының сақталуына жоспардан тыс 69 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде жеке деректерді таратқан 22 заңды және лауазымды тұлғаға 10 665 350 теңге айыппұл салынды.
Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев депутаттық сауалға берген жауабында жазған.
Сонымен қатар 17 жеке тұлға субъектіге бармай электрондық цифрлық қолтаңбаны алу нормасын бұзғаны үшін 1 248 410 теңге сомасына әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Министрлік дербес деректерді қорғау жөніндегі шараларды сақтамағаны, дербес деректерді қорғау және ақпараттандыру саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдарды ұлғайту бойынша жұмыс жүргізді», деді ол.
Оның сөзінше, биылғы жылдан бастап дербес деректерді, электрондық құжатты және электрондық цифрлық қолтаңбаны қорғау саласында әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі 1 жылға ұлғайтылды (бұрын 2 ай болған).
Сондай-ақ дербес әкімшілік айыппұлдардың мөлшері 30-дан 2000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікті көздейтін әкімшілік құқық бұзушылықтың жаңа құрамы енгізілді.
Атап айтқанда, басқа тұлғаның ЭЦҚ-сын пайдалану, оның түпнұсқалығын тексеру қағидаларын бұзу, ЭЦҚ беру, сақтау, кері қайтарып алу қағидаларын бұзу; куәландырушы орталықтың ЭЦҚ ашық және жабық кілттерін сақтаудағы жоғалтуды, түрлендіруді және қолдан жасауды болғызбау үшін қажетті шаралар қолданбау үшін жауапты.
Сонымен қатар ақпараттандыру саласындағы әкімшілік айыппұлдардың мөлшері 5 есеге ұлғайтылды. Аталған түзетулер 2025 жылғы 13 наурызда күшіне енді.
Дереккөз: Мәжіліс