Қазақстан үкіметі алдағы бес жыл ішінде 1 миллион азаматқа жасанды интеллект дағдыларын үйретуді көздеп отыр. .Бүгінде IT саласында 200 мыңнан астам адам еңбек етуде, олардың шамамен 20 мыңы – жасанды интеллект саласының мамандары.
Қазіргі уақытта Tech Orda білім беру бағдарламасы аясында 9 037 маман білім алды. Бағдарлама онлайн және офлайн форматтарда жүзеге асырылады және кең аудиторияға да, тәжірибелі мамандарға да бағытталған (Tomorrow School, AI’Preneurs, AI-People Bootcamp, AI Quest 1.0 және т.б.).
Сондай-ақ 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдерді оқытуға арналған TUMO креативті технологиялар орталығына қабылдау жүріп жатыр. Ол Аlem.ai базасында ашылып, балаларға анимация, бағдарламалау, 3D-графика және генеративті ЖИ бағыттарында тегін білім алуға мүмкіндік береді. Ал жастар мен студенттер үшін Tomorrow School – Қазақстандағы алғашқы peer-to-peer форматындағы ЖИ мектебі жұмыс істейді.
Сонымен қатар MIT институтымен бірлесіп, жасанды интеллект пәнін мектеп бағдарламасына енгізу бастамасы іске асырылып жатыр. Тиісті тапсырманы биылғы Жолдауда президент Тоқаев берген болатын.
Айта кетсек, биыл экзаскейл деңгейіндегі есептеулерді қамтамасыз ететін және ұлттық ЖИ-модельдерін қолдайтын Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютерлік кластері құрылды. Қазақстан NVIDIA және Freedom Holding Corp. компанияларымен бірлесіп тәуелсіз AI Hub құру туралы келісімге қол қойды. Бұл жоба елге өз есептеу қуаттарын қамтамасыз етіп, Қазақстанның өңірлік ЖИ орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтуға мүмкіндік береді.
Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығының ашылуы да маңызды оқиғаның біріне айналды. Бұл экожүйе зертханаларды, AI Academy, TUMO School және Tomorrow School оқу орындарын біріктіріп, жас инженерлер, зерттеушілер мен кәсіпкерлердің білім алу және жұмыс істеу алаңы болады деп күтіліп отыр.
Дереккөз: Цифрлық министрлік