2025 жылғы 14 қарашада Ташкент қаласынде өткен Орталық Азия елдерінің мәдениет министрлерінің алғашқы кездесуінде еліміздің мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Орталық Азияның мәдени күнтізбесін әзірлеуді бастама етті.
Министр сондай-ақ Орталық Азияның Мәдени турне платформасын іске қосуды ұсынды. Бұл механизм өңірлік гастрольдік бағдарламаларды, ретроспективалық көрмелерді және архивтік фильмдерді міндетті түрде цифрландыруды көздейтін аймақаралық кинокөрсетілімдерін жыл сайын тұрақты түрде өткізуге мүмкіндік бермек.
Сонымен бірге министр ғылыми және тарихи ынтымақтастықты дамыту мәселесіне де ерекше тоқталды.
«Орталық Азия елдерінің ғылыми, деректі және әдеби архивтік материалдарының көшірмелерімен алмасу бойынша ауқымды әрі өзара тиімді ынтымақтастық орнату да пайдалы болар еді. Өз тарапымыздан бізде бар, сіздердің елдеріңізге қатысты материалдарды бөлісуге дайынбыз», – деп атап өтті Аида Балаева.
Осы орайда министр Орталық Азияның бірыңғай цифрлық платформасын құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл заманауи креативті индустриялар маркетплейсі қолөнершілерді, дизайнерлерді, зергерлерді және шығармашылық саланың басқа да өкілдерін насихаттауға арналған орта болмақ.
Дереккөз: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі