Алматыға шетелдік және ішкі туристер тарапынан айтарлықтай қызушылық артып отыр. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматыға келген қонақтар саны айтарлықтай көбейген.
Екінші тоқсанның өзінде қалаға 1,1 миллионнан астам турист келген. Оның ішінде 323,5 мыңы – шетелдік, ал 816,5 мыңы – ішкі туристер. Шетелдік келушілер арасында Үндістан (56,2 мың адам) мен Қытай (54,1 мың адам, өткен жылмен салыстырғанда өсім – 33,4%) көш бастап тұр. Сонымен қатар, туристердің негізгі легі Түркия (17,9 мың), Оңтүстік Корея (9,7 мың), АҚШ (9,6 мың), БАӘ (6,7 мың) және Германиядан (6,4 мың) келген.
Халықаралық туризмнің дамуына жаңа әуе бағыттарының ашылуы, салалық көрмелердегі таныстыруға бағытталған жұмыстар мен әуежайдағы промо-акциялар (брендтелген кәдесыйлар мен ақпараттық материалдарды тарату, жаңа рейстер іске қосылған кезде «Тәтті сыйлық» акциясы және т.б.) себеп болған.
2025 жылы Алматы CNN арнасының нұсқасы бойынша ең үздік туристік бағыттардың бірі деп танылып, Booking.com платформасының трендтік рейтингтеріне енді. Бұл да қаланың халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыра түсті.
Бұған қоса, Алматыда халықаралық инфо-турлар мен іскерлік B2B-кездесулер жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Тек бес ірі көрмеге (Гуанчжоудағы GITF, Шанхайдағы ITB, Сеулдегі SITF, Гонконгтағы ITE, Бейжіңдегі BITE) қатысу нәтижесінде шетелдік серіктестермен 150 келісім жасалды. Бұл келісімдер болашақта шамамен 159 мың турист тартуға мүмкіндік береді.
Дереккөз: Алматы әкімдігі