Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Үкімет Жамбыл облысының шаруаларына су тапшылығы болуы мүмкін екенін ескертті
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 06 желтоқсан, 2025 | 12:03
1 минут - оқу уақыты

Үкімет Жамбыл облысының шаруаларына су тапшылығы болуы мүмкін екенін ескертті

Диқандарға суды аз тұтынатын дақылдарға көшу туралы айтылды

QazMonitor Logo
Руслан Пряников
Руслан Пряников

Жамбыл облысының шаруаларына келесі жылы суару маусымында су тапшылығы болуы мүмкін екені түсіндірілді. Өңірде Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен 2026 жылғы вегетация кезеңіне дайындық мәселелеріне арналған кеңес өтті.

Өңір аграрийлеріне трансшекаралық судың келуі азаюына байланысты туындаған қауіптер және суару маусымында су ресурстарын ұтымды пайдалану шаралары түсіндірілді. Атап айтқанда, өсірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларына көшу туралы айтылды.

«Су ресурстарының қолжетімді көлемінің азаюы жалғасып отырғандықтан, алдағы вегетация кезеңінде су тапшылығы қаупі бар. Бұл – Орталық Азияның барлық елі тап болып отырған табиғи процесс. Су келу көлемінің азаю салдарын барынша азайту үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру мен су үнемдеу технологияларын енгізуді жеделдету қажет. Бұл үшін мемлекет барлық жағдайды жасап жатыр. Бұл тек су ресурстарын үнемдеу мәселесі ғана емес, сонымен бірге елдің су және азық-түлік қауіпсіздігі осыған тікелей байланысты. Дайындалуға уақыт бар, жауапты органдар мен жергілікті атқарушы билік және диқандар оны тиімді пайдалануға тиіс», деді Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Еске сала кетейік, суды үнемдеу және заманауи суару жүйелеріне көшуге ынталандыру мақсатында ұңғымаларды бұрғылау, инфрақұрылым тарту және су үнемдейтін жабдықтар сатып алу шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін көтерілді. Суару суына сараланған тариф енгізілді. Су үнемдеу технологияларын қолданатын шаруа қожалықтары үшін су құнын субсидиялау 60%-дан 85%-ға дейін ұлғайды.

2026-2028 жылдарға арналған жалпы трансферттер шеңберінде су үнемдеу технологияларын енгізуді және егінге қажетті су құнын субсидиялауды қолдауға бұрынғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда төрт есе көп қаражат бөлінді.

Үкімет қабылданған шаралар Қазақстанда су үнемдеу технологияларын қолданылатын егістік алқабы көлемін жыл сайын 150 мың гектардан астамға ұлғайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. 2030 жылға қарай республикадағы 1,3 млн гектар суармалы жерді заманауи суару жүйелерімен қамту жоспарланып отыр.

Бүгінде Жамбыл облысында су үнемдеу технологиялары 66,5 мың гектарда қолданылып жатыр. Оның ішінде жаңбырлатып суару жүйесі – 19,3 мың гектар, тамшылатып суару – 44,6 мың гектар, лазерлік тегістегішпен – 2,6 мың гектар.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.