Қазақстанда фермерлерге көктемгі егін егу жұмыстары басталғанға дейін жеңілдетілген несие беру басталды. Аграрлық несие корпорациясы «Кең дала 2» негізгі мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыруға ресми түрде кірісті.
Бағдарламасы бойынша корпорация жалпы сомасы 82,3 млрд теңгенің 694 өтінімін қабылдады.
Аталған бағдарлама фермерлерге жанар-жағармайды, минералды тыңайтқыштарды, тұқымдарды, өсімдік қорғау құралдарын тиімді (егіс маусымы басталғанға дейін) бағамен сатып алуға және техниканы уақтылы жөндеуге мүмкіндік береді. Бұл оңтайлы тәсіл тәуекелдерді төмендетеді, егіс шығындарын азайтады және өнімділікті арттырады.
«Кең дала» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиелеудің жалпы көлемі өсуде – егер 2023-жылы ол 140 млрд теңгені құраса, 2025-жылы 500 млрд теңгеден асты.
«Бағдарлама айналым қаражатын толықтыруға несие беру үшін серіктестердің кең желісі арқылы іске асырылатын кешенді қаржы құралы. Қаржыны Аграрлық несие корпорациясының филиалдарынан (тікелей қарыз алушылар үшін), кредиттік серіктестіктер, екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары, өңірлік инвестициялық орталықтар және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы да алуға болады», деді Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Шаруаларға несие жеңілдетілген жылдық сыйақы ставкасы 5%-бен беріледі. Айта кету керек, несиелер нарықтан тартылған қаражат есебінен беріледі, бұл бюджетке түсетін жүктемені азайтады.
Сонымен қатар фермерлердің кепілдік жүктемесін азайтуға ерекше назар аударылды: қарыз сомасының 85%-ы «Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниясы – «Даму» КДҚ» АҚ кепілдігімен қамтамасыз етіледі. Тек қалған сома мен сыйақыны кепілмен фермер өзі қамтамасыз ету қажет, бұл қаражатқа қол жеткізуді едәуір жеңілдетеді.
Дереккөз: АШМ