Қытай Халық Республикасының инвесторлары Түркістан облысында екі ірі өндіріске инвестиция салмақ. Түркістанда өткен халықаралық инвестициялық форумда Сайрам ауданы қытай инвесторлары стратегиялық маңызы жоғары екі меморандумға қол қойылды.
Алғашқы келісім «Kuzov Karabulak» және «Dayun avto Central Asia limited» арасында жасалды. Бұл жоба ауыр жүк көліктеріне арналған тіркемелер өндіретін жаңа өндіріс алаңын құруды көздейді. Жоба құны 2,5 млрд теңге болады деп жоспарланып отыр.
«Өңір үшін ауқымы үлкен бұл бастама — тек экономикалық инвестиция ғана емес, сонымен қатар жергілікті 500 азаматты жұмыспен қамтымақ», делінген Түркістан облысы әкімдігінің ақпаратында.
Сонымен қатар «Qazaq Air Tecnology» ЖШС мен Қытайдың «Huankun Industrial Investment Limited» компаниясы арасында келісім жасалды. Аталған жоба заманауи технологиялар негізінде сапалы кірпіш өндіретін өндірісті іске қосуды қамтиды. Зауыт ай сайын 2,5 миллион дана кірпіш шығарады деп көзделген, өндірісте 30-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
«Бұл екі келісім Сайрам ауданының өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды қадам. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және заманауи өндірістерді енгізу – ауданның болашақ дамуының берік тірегі болмақ», деді Түркістан облысы әкімдігі.