Ақмола облысында аз қамтылған отбасыларға азық-түлікті төмендетілген бағамен, жылдам әрі ыңғайлы «Әлеуметтік әмиян» цифрлық жобасы Ақкөл ауданында жұмыс істей бастады.
Пилоттық жоба «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, өңірдегі ірі сауда үйлерінің бірінің базасында жүзеге асырылуда. Барлық келісімшарттар, тауар құжаттары мен қаржылық операциялар ұлттық тауарларды қадағалау жүйесіне енгізілген.
Жобаға қатысушыларға жеке QR-кодтар беріліп, кассада төлем жасаған кезде жүйе автоматты түрде 19 әлеуметтік маңызы бар тауарға жеңілдетілген бағаны қолданады.
«Өнімдерге сайт немесе WhatsApp арқылы тапсырыс беруге болады, ал жеткізу тегін. Тіпті зейнеткерлер де бұл жүйені оңай пайдаланады. Олар қажеттісін таңдайды, ал ақысын тауарды алған кезде төлейді», – деді сауда үйінің иесі Сергей Бойко.
Қызметті баршаға қолжетімді ету үшін цифрлық есеп жүйесі енгізілген. Жоба 1С бағдарламасымен және 12 мыңнан астам тауар қамтылған жеке онлайн-платформамен интеграцияланған.
Дереккөз: Ақмола облысының әкімдігі