Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарызға бату қаупі жоғары азаматтар үшін тұтынушылық кредит беруді айтарлықтай шектейтін шұғыл шараларды іске қосты.
2025 жылғы 7 қарашада қабылданған №70 қаулының негізгі мақсаты – қаржылық тұрақтылықты күшейту және борыш жүктемесін бақылау арқылы жеке тұлғалардың қайта дефолтқа ұшырау ықтималдығын төмендету.
Ең маңызды өзгеріс – соңғы 12 айда 90 күннен аса кешіктірілген қарызы бар қарыз алушылар үшін борыш жүктемесі коэффициенті (БЖК) 0,5-тен 0,25-ке дейін төмендетіледі. Бұл коэффициенттің екі есеге жуық қысқаруы осы санаттағы қарыз алушылардың артық міндеттемелер алу мүмкіндігін тікелей шектейді және олардың жаңа қарыз алуына кедергі болады.
Сонымен қатар, кепілсіз тұтынушылық қарыздарды беру тәртібі күшейтіледі. Атап айтқанда, банктер келесі талаптардың бірі орындалған жағдайда жаңа қарыз бермейді:
Банктік қарыздар бойынша күнтізбелік 30 күннен аса және (немесе) микрокредиттер бойынша 1 күннен аса төлем мерзімі өткен кезде;
2025 жылғы 1 шілдеден бастап соңғы 36 айда негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша толық кешірілген берешек болған кезде;
Соңғы 12 айда қарыз алушының өз міндеттемелерін тиісінше орындауына ықпал етпеген қайта құрылымдау жүргізілсе.
Бұл өзгерістер биылғы жылғы 24 қарашадан бастап күшіне енеді.
Құжаттың толық мәтінімен Агенттіктің ресми интернет-ресурсында танысуға болады.
Дереккөз: Қаржы реттеушісі