Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Жамбыл облысында әк өңдейтін жаңа зауыт ашылды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 17 қараша, 2025 | 18:58
1 минут - оқу уақыты

Жамбыл облысында әк өңдейтін жаңа зауыт ашылды

Жаңа өндірісті ашуға 2 млрд теңге инвестиция салынған

QazMonitor Logo
www.gov.kz
www.gov.kz

Жамбыл облысының «Тараз» индустриялық аймағында жылына 70 мың тонна жоғары сапалы күйдірілген әк өндіретін зауыт ашылды.

Инвестициялық құны 2 млрд теңге болатын кәсіпорын 100 жаңа жұмыс орнының құрылуына ықпал етті.

Өндіріс ошағы қажетті шикізатты жеке карьерінен алады, бұл әктасты қазудан бастап дайын өнім шығаратын кезеңге дейін сапаны тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Өнім өндірушісі – «KazGeoEnergy» ЖШС, өңірдегі 1-сыныпты әк шығаратын жалғыз кәсіпорын.

Зауыт заманауи технологиялармен және озық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Оның ішінде немістің Siemens AG мониторинг жүйесі орнатылып, өндірістің барлық кезеңінде сапаны жоғары дәлдікпен бақылауды қамтамасыз етеді.

Өндірілетін күйдірілген әк экономиканың негізгі салаларында кеңінен қолданылады. Атап айтқанда, құрылыс саласында байланыстырғыш материал ретінде, силикат кірпіш, цемент, газоблок, сылақ өнімдерін дайындауда, металлургияда қоспаларды бөліп алу және кенді байыту кезінде флюс ретінде пайдаланылады. Сонымен қатар сода, кальций карбиді, ацетилен, бояу-лак өнімдерін өндіруде негізгі шикізат ретінде химия өнеркәсібінде және азық-түлік өнеркәсібінде қант, нан, сүт өнімдерін әзірлеуде, сондай-ақ Е-529 тағамдық қоспасының құрамына кіреді.

Жаңа зауыт өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырудағы маңызды қадам болып отыр. Ол облыс экономикасына елеулі үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, импортты алмастыруға және отандық өнеркәсіпті нығайтуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында өңірде 919 кәсіпорында 1 трлн теңге көлемінде өнім өндірілді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.