Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Цифрландыру Қазақстанда әлеуметтік саладағы «сұр схемаларды» әшкереледі
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 17 қараша, 2025 | 16:21
2 минут - оқу уақыты

Цифрландыру Қазақстанда әлеуметтік саладағы «сұр схемаларды» әшкереледі

40 мыңға жуық азаматқа ресми еңбек шартынсыз зейнетақы аударылған

QazMonitor Logo
Руслан Пряников
Руслан Пряников

Қазақстанның әлеуметтік саласы мен білім беру жүйесіндегі миллиондаған теңгенің мақсатсыз жұмсалуы мен «сұр схемалар» анықталды. Цифрландыру жұмыстары жекеменшік мектептерде оқымайтын оқушыларға және 40 мыңға жуық азаматқа ресми еңбек шартынсыз аударылған зейнетақы жарналары сияқты өрескел заңбұзушылықтарды анықтады.

Премьер-министр Олжас Бектенов әлеуметтік қолдау жүйесін және жан басына шаққандағы қаржыландыру шеңберінде жекеменшік мектептер қызметін реттеудің жаңа тетігін жетілдіру бойынша кеңес өткізді.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларындағы 16 ұйым цифрландырылды. Биылғы шілде айынан бастап 9 мыңнан астам ұйымның штаттық кестелері декларациядан өтті, бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталады.

Цифрландыру әлеуметтік салада бірқатар «сұр схемаларды» анықтауға мүмкіндік берген.

«Нақтырақ айтсақ, 40 мыңға жуық азаматқа ресми еңбек шарттары болмаса да, зейнетақы жарналары аударылғаны белгілі болды. Қызметкерлер ресми түрде бір аймақтағы мектеп штатында болғанымен, басқа облыстардағы ұйымдарда да еңбек шартына отырып, зейнетақы жарналарын аударған жағдайлар анықталған. Барлық анықталған дерек бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы тиісті тексеру жұмыстарын жүргізуде», делінген ақпаратта.

Сондай-ақ кадрлық процестерді автоматтандыру нәтижесінде 9,6 мың мектептің штат кестесінен тізілімге енгізілмеген, бірақ ұйым басшылары өз бетінше қосқан 75 лауазым анықталған.

«Мәселен, олардың арасында директордың мектепке қабылдау жөніндегі орынбасары, атқарушы директор сияқты тағы да басқа лауазымдар бар. Осыған байланысты Тізілімді бірыңғай стандартқа келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде», деді үкіметте.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы автоматтандыру және әлеуметтік алаяқтыққа қарсы күрес, оның ішінде «өлі жандарды» жою жұмыстары аясында мемлекеттік бюджетке 299 млрд теңге қайтарылған. Алдағы үш жылда субсидиялау бағдарламасын цифрландыру және өзге де шаралар бюджет қаражатының 135 млрд теңгесін оңтайландыруға әкеледі деп күтілуде.

Сонымен қатар жиында жекеменшік мектептерді қаржыландырудың жаңа тетіктерін енгізуге назар аударылды. Мемлекеттік білім беру тапсырысының қаражатын басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында «Қаржы орталығы» АҚ Оқу-ағарту министрлігінен Қаржы министрлігінің қарамағына берілген болатын.

Биыл қараша айында e-Qazyna.kz веб-порталында OrtaBilim ақпараттық қызметі іске қосылды. Жүйе білім алушылардың саны мен контингентін, рұқсат құжаттарының болуын және басқа да автоматты тексеру арқылы деректердің дұрыстығын бақылауды күшейтуге бағытталған.

«Қаржы министрлігі мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік мектептерді қаржыландыруда өрескел заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, 745 мекеменің 155-і алған кірісін көрсетпеген. Цифрландырылған 427 мектептің шамамен 30%-ы өз қызмет түрі бойынша бекітілген мақсаттарына сай емес. Мәселен, Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы мектептердің бірі – тойхана ретінде, Шымкентте – сауда орталығы және тағы басқа деп көрсетілген», делінген үкімет ақпаратында.

Сондай-ақ 64 мектепте білім алушылар контингенті жобалық қуатынан 2 есе артық екені анықталған. Мысалы, Алматы облысында орналасқан жобалық қуаты 60 адамға есептелген жекеменшік мектептердің біріне іс жүзінде 702 оқушы қабылданған. Сол сияқты Астана қаласындағы 241 оқушыға арналған жекеменшік мектептің құжаттарында 1003 адам көрсетілген.

Сонымен қатар жекеменшік мектептерде жалған мұғалімдер мен қосарланған қаржыландыру фактілері анықталды.

Жаңа сервис білім беру саласындағы барлық ақпараттық жүйелерді біріктіреді. Бұл мектептер мен мұғалімдерге жүктеме талаптарының сәйкестігін бақылау шараларының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ орынсыз шығындарды сүзгіден өткізу және жол бермеу арқылы бюджет жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда жекеменшік мектептердің 86%-ы авторизациядан өтіп, БЦП-мен пайдаланушы келісіміне қол қойған. Сонымен қатар 2026 жылдың қаңтарынан бастап мұндағы қызмет жаңа ақпараттық жүйемен қатаң реттелетін болады. Алдағы уақытта осы сервиске білім беру саласындағы мемлекеттік қаржыландырудың барлық түрін қосу жоспарланып отыр. Олар – мемлекеттік тапсырыстар, гранттар, стипендиялар және жатақхана орындарымен қамтамасыз ету жұмыстары.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.