Қазақстанда елдегі алғашқы атом электр станциясына үздік атау беру бойынша жалпы халықтық конкурс аяқталды. Конкурс комиссиясының қорытынды отырысының нәтижесі бойынша азаматтардан ең көп ұсынылған «Балқаш» атом электр станциясы» атауы жеңімпаз деп танылды.
Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің мәліметінше, конкурсқа барлығы 16 жастан асқан 27 157 Қазақстан азаматы қатысты. Әр қатысушыда бір ғана атау ұсыну мүмкіндігі болды.
2025 жылғы 5 қыркүйекте құрамына қоғам өкілдері, креатив индустрия мамандары, сондай-ақ атом энергетикасы, филология және тарих салаларының сарапшылары кірген конкурс комиссиясы құрылды.
«Түскен барлық өтінімдерден 10 460 бірегей нұсқа анықталды. Өңдеу барысында кириллица, латын әрпі және мағыналас сөздер сияқты жазудың түрлі формалары да ескерілді», деді агенттікте.
Конкурс комиссиясының отырысында ең танымал 100 атау қаралды. «Балқаш» атом электр станциясы» атауын 882 азамат ұсынған, бұл атау танымалдығы бойынша қорытынды рейтингте бірінші орын алып, конкурс жеңімпазы атанды.
Еске салсақ, Қазақстанда елдегі алғашқы атом электр станциясына үздік атау беру бойынша жалпы халықтық конкурс биыл 25 қыркүйек пен 10 қазан аралығында eGov Mobile платформасында өткен болатын.