Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Жамбыл облысында екі жаңа су қоймасы салынады
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 04 қараша, 2025 | 10:45
1 минут - оқу уақыты

Жамбыл облысында екі жаңа су қоймасы салынады

Министр тұтынушыларды суды үнемдеуге шақырды

Руслан Пряников
Руслан Пряников

Келесі жылы Жамбыл облысында екі жаңа су қоймасының құрылысы басталады. Бұл туралы өңір тұрғындарымен өткен есептік кездесуде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты.

Жиында ведомство басшысы вегетация кезеңінің қорытындысы мен су саласын дамыту бағытында істеліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, 2028 жылға дейінгі су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында Жамбыл облысында 10 жаңа су қоймасы салынып, жұмыс істеп тұрған 3 су қоймасы реконструкциядан өтеді. Сонымен қатар 45 гидротехникалық нысанға көпфакторлы зерттеу жүргізу көзделіп отыр.

Бұған қоса, министрлік келесі жылы Ақмола және Қалғұты су қоймаларының құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Белгілі болғандай, Теріс-Ащыбұлақ және Қарақоңыз су қоймалары жаңғыртудан өтеді. Қазір облыс әкімдігі жеті жаңа су қоймасының жобалау-сметалық құжатын әзірлеп жатыр.

Министрдің мәліметінше, мемлекет ел бойынша гидротехникалық нысандарды салу және реконструкциялау жоспарын іске асыру үшін жеке инвестицияларды тартып жатыр. алайда, су үнемдеу мәселесіне мемлекетпен қатар, тұтынушылар да үлес қосу керек екенін атап өтті.

«Сонымен қатар су ресурстарын басқаруды автоматтандыру және цифрландыру саласында жетекші компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Дегенмен суды үнемдеуге тек мемлекет қана емес, тұтынушылардың өздері де үлес қосуы қажет. Ол үшін су үнемдейтін технологияларды енгізіп, ылғалды аз қажет ететін дақыл түрлерін өсіруге көшу маңызды», – деді Нұржігітов.

Кездесуде тұрғындар өңірдегі су арналарын жөндеу мәселесін де көтерді. Министрдің қазір Ислам даму банкінің қолдауымен ұзындығы 415 шақырым болатын 76 каналды жаңғырту жобасы әзірленіп жатқанын айтты. Бұл бастама 24 877 гектар ауыл шаруашылығы жерін сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Жамбыл облысында 23 суару каналының реконструкциясы аяқталуға жақын қалды. Нәтижесінде 19 746 гектар егістік алқапқа су жеткізу айтарлықтай жақсарады. Биылғы жылдың соңына дейін ұзындығы 103 шақырымнан асатын бес каналдың жаңғырту жұмыстары толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.