Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. Қарағанды облысында жерасты барлауға арналған дрондар әзірленді
  1. Жаңалықтар
  2. Диджитал
Astana, Kazakhstan • 17 қараша, 2025 | 17:17
2 минут - оқу уақыты

Қарағанды облысында жерасты барлауға арналған дрондар әзірленді

Дрондар өңірде жұмыс істеп тұрған темір кені шахтасында сынақтан өтті

QazMonitor Logo
www.gov.kz/
www.gov.kz/

Қарағанды облысында жерасты кеңістігін барлауға арналған заманауи жоғары технологиялы дрондар жасалып жатыр. Бұл аппараттар шахталарда, құлаған ғимараттарда, тар және адам үшін қауіпті орындарда жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

GeoJet дрондар сериясы шахталар мен жер асты қазбаларын зерттеуге бағытталған. Бұл желіге өлшемі, құрылымы мен мүмкіндігі әртүрлі бірнеше модель кіреді.

«Серияның ең ықшам моделі — диаметрі небәрі 23 сантиметр болатын GeoJet Sphere. Сфералық пішінді бұл дрон адам бара алмайтын шектеулі әрі күрделі кеңістіктерде жұмыс істеуге арнайы жасалған. Ал ірі әрі күрделі техникалық мүмкіндіктерге ие басқа үлгілер ұзын тоннельдерде, карьерлер мен түрлі тереңдіктегі тау-кен қазбаларында ұшуға бейімделген», деді облыс әкімдігінде.

Қарағанды дрондары 8K ультра-жоғары кеңейтілімді камералармен жабдықталған және 360° панорамалық түсірілім жүргізе алады. Жер асты кеңістігін үш өлшемді картаға түсіру үшін LiDAR лазерлік сканерлеу жүйесі қолданылады. Ал алынған деректерді беру және өңдеу жұмыстары оптикалық-талшықты байланыс арналары арқылы жылдам әрі дәл жүзеге асады.

«Біздің дрондар көмегімен қазбаларды зерттеп, визуалды тексеріс жүргізуге болады. Ішкі сканерлер қабырғалардың ішінде жалаң көзге көрінбейтін жасырын қуыстарды анықтайды. Құлаулардың көпшілігі осындай ақаулардан болады. Олар алдын ала табылса, ықтимал трагедиялардың алдын алуға мүмкіндік береді», деді компанияның бас инженері Сергей Муравьёв.

Дрондар Қарағанды облысындағы жұмыс істеп тұрған темір кені шахтасында сынақтан өткен. Тестілеу кезінде аппараттар визуалды бақылау, фототүсірілім және жерасты қуыстарын сканерлеу міндеттерін толық орындады.

«Шектеулі кеңістікте ұшу - аса күрделі үдеріс. Мұнда турбуленттік ауа ағындары, GPS-сигналдың болмауы және шолудың шектеулігі қиындық туғызады. Соған қарамастан, біздің дрондар жерасты жағдайында жоғары тиімділігін көрсетті. Басқару жартылай автоматты режимде жүргізіледі, ал жасанды интеллект жүйесі датчиктерден келетін ақпаратты талдап, ұшуды нақты уақыт режимінде тұрақтандырады», деді компания жетекшісі Виталий Пучков.

Айта кетейік, дронның кейбір бөлшектері Қарағандыда жасалады. Мәселен, көміртекті рамалар модельге қарай не жергілікті жерде басылып шығарылады, не шетелден әкелініп, кейін өңделеді. Ал қозғалтқыштар, LiDAR және процессорлар шетелдік өндірушілерден жеткізіледі. Сынақ, бағдарламалау, құрастыру және толық баптау жұмыстары өңірде жүргізіледі. Қазір әзірлеушілер жоғары технологиялы GeoJet дрондар сериясын нарыққа шығаруға дайындалып жатыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.