Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Мәдениет
  3. Отандық фильм Таллиндегі халықаралық кинофестивальдің байқау бағдарламасына енді
  1. Жаңалықтар
  2. Мәдениет
Astana, Kazakhstan • 30 қазан, 2025 | 14:11
1 минут - оқу уақыты

Отандық фильм Таллиндегі халықаралық кинофестивальдің байқау бағдарламасына енді

Фильмнің түсірілімі 2024 жылдың тамыз–қыркүйек айларында Алматы қаласы мен Алматы облысында өтті

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті

Режиссер Жаннат Алшанованың дебюттік фильмі «Победителей видно на старте» беделді Таллинн халықаралық «Қара түндер» кинофестивалінің (Tallinn Black Nights Film Festival, PÖFF) Baltic Competition атты байқау бағдарламасына енді. Кино Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.

Жоба халықаралық копродукция аясында Франция, Нидерланд, Литва, Швеция елдерімен бірлесіп жасалды және Сауд Арабиясы Корольдігі де киноға қолдау көрсетті.

Фильмде 17 жастағы Мила есімді қыздың оқиғасы баяндалады. Ол суда жүзетін команда құрамына кіргісі келеді. Сөйтіп еркін өмір сүріп, отбасындағы қиындықтан құтылмақ болады. Алайда мәреге жетер тұста оның өмірін өзгертетін таңдау жасауға тура келеді.

Басты рөлдерді Тамирис Жанғазинова (Мила), литвалық актер Валентин Новопольский, Әсел Қалиева мен Медина Сағындықова сомдаған.

Фильмнің түсірілімі 2024 жылдың тамыз–қыркүйек айларында Алматы қаласы мен Алматы облысында өтті. Постпродакшн жұмыстары 2025 жылдың жазында Франция, Нидерланд және Швецияда қатар жүргізілді.

«Победителей видно на старте» фильмінің әлемдік премьерасы 2025 жылдың тамыз айында Еуропаның ең беделді кинофестивальдерінің бірі Локарно халықаралық кинофестивалінде өтті. Кейін картина Оңтүстік Кореядағы Пусан халықаралық кинофестивалінде көрсетілді.

Фильмнің Балтық аймағындағы премьерасы 19 қарашада Таллин халықаралық «Қара түндер» кинофестивалінде (PÖFF) өтеді. Бұл фестиваль Халықаралық кинопродюсерлер федерациясының (FIAPF) «А» класындағы ресми фестивальдер тізіміне енген.

PÖFF фестивалі авторлық киноға айрықша мән беретін, жаңа есімдерді танытуға әрі фильмдерді әлемдік деңгейге шығаруға жол ашатын беделді байқау.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.