Сеулде Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени ынтымақтастық аясында Мемлекеттік классикалық музыка оркестрі «Camerata Kazakhstan» ансамблінің концерті өтті.
Қазақстанның Елшісі Нұрғали Арыстанов құттықтау сөзінде мәдени алмасудың «аудармасыз тіл» ретінде маңызын атап өтіп, оның халықтар арасындағы байланыстарды нығайтып, болашақ ұрпақ үшін ынтымақтастық алаңын қалыптастыратынын айтты.
Сонымен қатар, қазақ дипломаты мәдени ынтымақтастықтың Қазақстан мен Корея арасындағы саяси, экономикалық және білім беру салаларындағы өзара іс-қимылмен тығыз байланысты екендігін атап өтті. Ол туристік ағынның артуы мен әуе қатынасының кеңеюін екі ел халықтары арасындағы достық пен өзара түсіністікті дамытуға ықпал ететін маңызды факторлар ретінде көрсетті.
Янгчхон мәдениет қорының Төрағасы Чон Донг Хи Қазақстан мен Кореяның мәдени саладағы ынтымақтастығы нығайып келе жатқанын атап өтіп, осындай бірлескен жобалардың екі ел халықтары арасындағы өзара түсіністік пен достықты тереңдетуге ықпал ететінін айтты. Ол қазақстандық орындаушылардың жоғары кәсібилігі үшін алғыс білдіріп, мәдени бастамаларды одан әрі дамыту маңызды екенін атап өтті.
Концерт бағдарламасында Нұрғиса Тілендиевтің «Саржайлау», Шәмші Қалдаяқовтың «Бәрінен де сен сұлу» және басқа да көрнекті шығармалар орындалды.
Дереккөз: Мәдениет министрлігі