Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында орналасқан жаңа «Aqqu Resort & Camp» демалыс кешені ашылды. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, бұл кешен көпфункционалды форматта жұмыс істейді: жаз мезгілінде 300–350 балаға арналған «Aqqu Camp» балалар лагері ретінде, ал қалған уақытта курорттық және корпоративтік демалыс орталығы ретінде қызмет көрсетеді.
Курорт жеке инвестициялар есебінен салынған. Мұнда ересектер мен балаларға арналған екі ашық бассейн, кинозал, футбол алаңы, спорт алаңдары, медициналық пункт және мейрамхана бар. Маусым кезінде нысан 100-ден астам адамды жұмыспен қамтиды.
«Мұндай демалыс орталықтарының ашылуы тұрғындардың өмір сапасын жақсартып, балалар мен жастардың тиімді демалуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл – өңірдің туризм саласын дамытуға бағытталған нақты қадам», – деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.