Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Үкімет Солтүстік Қазақстан облысындағы су бөгетін реконструкциялауға 1,4 млрд теңге бөлді
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 03 қараша, 2025 | 12:02
1 минут - оқу уақыты

Үкімет Солтүстік Қазақстан облысындағы су бөгетін реконструкциялауға 1,4 млрд теңге бөлді

Тиісті қаулыға Үкімет басшысы Олжас Бектенов қол қойды

primeminister.kz
primeminister.kz

Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданына қарасты Тепличное ауылындағы тасқын судан қорғайтын бөгетті жаңғыртуға Үкімет қорынан 1,4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Бұл жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқынына қарсы құрылыстарды нығайту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылып жатыр.

Су бөгетін реконструкциялаудың мақсаты – құрылыстың беріктігін нығайту, сонымен бірге елді мекеннің су тасқынынан толыққанды қорғалуын қамтамасыз ету. Жоба аясында автожолдарды қалпына келтіру, темірбетон плиталарын төсеу, дренаж жүйесі және абаттандыру жұмыстары атқарылады. Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін гидрологиялық нысанның жоғарғы деңгейі 2024 жылғы су тасқынының ең жоғары деңгейіне тең деңгейде белгіленеді.

Жобаны іске асыру мыңға жуық халық тіршілік кешіп жатқан Тепличное ауылын, әсіресе, көктемгі су тасқынынан қорғауды қамтамасыз етпек.

Айта кетейік, Үкімет елді мекендерді су тасқынынан қорғау жұмыстарын жүргізуде. Еліміздің Су ресурстары және ирригация министрлігінің дерегі бойынша, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру және құрылысын салу бойынша 57 жоба, оның ішінде 13 жаңа нысан құрылысы жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда 57 нысанның 40-ында жұмыс аяқталса, 221 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, нығайтылған. Бұл жалпы жоспарланған жұмыс көлемінің 91%-ын құрайды.

Анықтама: Тепличное ауылындағы қорғаныс бөгеті сонау 1980 жылы пайдалануға берілген. Бастапқыда бөгеттің ұзындығы – 380 метр, орташа ені – 11 метр, орташа биіктігі 4 метр болған. 2024 жылғы су тасқыны кезінде аталған облыстың Қызылжар ауданының аумағында жергілікті табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Есіл өзенінің тасуы салдарынан Тепличное ауылындағы қорғаныс бөгеті апатты жағдайға тап болды. 2024 жылғы су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары кезінде бөгеттің ұзындығы ұлғайтылды.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.