Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының (ҰАҒБО) ғалымдары әйгілі апорт алмасының сортын қайта қалпына келтіру жұмыстарына кірісті. Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі 2025-2028 жылдарға арналған жоба аясында 25 мың көшет өсіріліп, жалпы аумағы 110 гектар алма бақтары салынады деп хабарлаған еді. Қаржы да бөлініп, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары Жол картасын іске асыруды бастап та кетті.
Жаңа бақтар алғашқы өнімін сегіз жылдан кейін береді деп болжанып отыр. Ғалымдардың айтуынша, заманауи агротехнологиялар сақталған жағдайда өнімділік алғашқы жылдары ағаш басына 57,7 кг-нан, ал толық жетілген кезеңде 100 кг-ға дейін жетуі мүмкін.
Министрлік мәлімдегендей, апорт алмаларын дұрыс сақтаса, наурыз айына дейін, ал заманауи технологияларды қолданғанда маусымға дейін балғын күйде тұрады.
Сарапшылар пікірінше, апортты ойдағыдай қалпына келтірсе, фермерлік шаруашылықтардың дамуына жаңа мүмкіндік ашылып, аграрлық секторға инвестиция тартылады.
2024 жылы Жоңғар Алатауы ұлттық паркінде Сиверс жабайы алмасының 60 мың тұқымы жиналып, себіліп, 0,7 га аумақта көшетханасы құрылған болатын.
«2025 жылдың ақпан айында сапалы көшеттер дайындау мақсатында 0,5 га аумақта қысқы егу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде «Апорт» сортының 2 100 көшеті өсірілді. Биылғы күзде 10 га апорт бағының іргетасы қаланады, ал 2027 жылға қарай мұндай бақтардың жалпы аумағы 110 гектарға жетпек. Қыркүйекте «ҚазЖЖШҒЗИ» Талғар өңірлік филиалы базасында «Бақ күні» өткізіліп, ғылыми институт селекционерлерінің жетістіктері мен даму перспективалары таныстырылды», – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Еске сала кетейік, бұл бағыттағы жүйелі жұмыс 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталып, Қазақстанның символдарының біріне айналған әрі мәдени мұра ретінде бағаланатын «Апорт» алмасын қайта жаңғыртуға бағытталған.