Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Елімізде әуе такси қызметі пайда болады
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 07 қараша, 2025 | 16:42
1 минут - оқу уақыты

Елімізде әуе такси қызметі пайда болады

Электрлі eVTOL ұшақтарын сатып алу жөнінде меморандумға қол қойылды

jobyaviation.com
jobyaviation.com

Алатау қаласында әуе такси жүйесін құру мақсатында электрлі eVTOL ұшақтарын сатып алу көзделіп отыр. Жоба құны 300 млн АҚШ доллары шамасында. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің хабарлауынша, министрлік, америкалық Joby Aero, Inc. компаниясы, Alatau Advance Air Group Ltd. тарапы және кәсіпкер Вячеслав Ким өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойған.

Бұл тігінен ұшып-қонатын инновациялық ұшу аппараттары еліміздегі алғашқы қалалық әуе қатынасы жобасының негізі болмақ. Жоба аясында сертификаттау және демонстрациялық ұшуларға арналған сынақ алаңын құру, сондай-ақ Алатау мен Алматы қалаларының көлік желісіне әуе таксиді интеграциялау жоспарлануда.

«Қазақстан инновациялық көліктің болашағына қадам басуда. Электрлі eVTOL ұшақтарын сатып алу – смарт қалалар мен заманауи технологияларды енгізу бағытындағы маңызды кезең. Бұл шара Алатау қаласын болашақтың жоғары технологиялы, бірегей қала ретінде дамытуға серпін береді», – деді Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Joby Aero, Inc. (АҚШ) – eVTOL авиация саласындағы әлемдік көшбасшы, сертификатталған электрлі әуе таксилерінің әзірлеушісі. Вячеслав Ким – Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы, «Алатау қаласы» жобасының инвесторы. Alatau Advance Air Group Ltd. – Қазақстандағы әуе мобильділігі технологияларының операторы және интеграторы.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.