Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Oracle компаниясы жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеулер және «бұлтты» технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты дамытуда өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум аясында тараптар елімізде Oracle компаниясының пилоттық ЖИ-инфрақұрылымын орналастыру мүмкіндігін бағалауға және тиісті тестілеулер жүргізуге қолдау көрсету, бұлтты деректер орталықтарын кезең-кезеңімен дамыту әлеуетін зерттеу, сондай-ақ қолданбалы жасанды интеллект бойынша пилоттық жобаларды жүзеге асыру бағытында ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталған арнайы оқу және сертификаттау бағдарламалары, бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары, елімізде Oracle құзыреттер орталығын құру мәселелері қарастырылуы мүмкін. Тараптар жасанды интеллектіні дамытудағы реттеу және этикалық мәселелер бойынша диалогты жалғастырумақшы.
«Oracle компаниясымен ынтымақтастық Қазақстанның ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын және цифрлық экожүйесін дамытуға ықпал етеді. Бұл еліміздің цифрлық экономикасын қалыптастыру үшін берік негіз құру және технологиялық инновацияларды ілгерілету жөніндегі біздің ұстанымымызды көрсетеді», – деп атап өтті ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Oracle өкілі Қазақстанның жасанды интеллектіге қатысты ұлттық стратегиясын іске асыруды қолдауға дайын екендіктерін білдірді.
«Біздің технологиялар мен сараптамалық тәжірибеміз цифрлық трансформацияны жеделдетуге және әртүрлі салаларда инновацияларды ынталандыруға көмектеседі», – деді Oracle компаниясының мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі басқарушы директоры Эллисон О’Брайен.