Лондонда Kazakhstan Capital Markets Day 2025 халықаралық конференциясы өтіп, онда еліміздің инвестициялық әлеуеті ұсынылды.
Қазақстанның Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев «Орнықты экономикалық өсу және қаржы секторын дамыту» тақырыбында панельдік сессияда сөз сөйлеп, 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ-нің нақты өсуі 6,3% көрсеткенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл соңғы жылдардағы ең үздік көрсеткіштің бірі. 2029 жылға қарай ЖІӨ-нің 450 миллиард АҚШ долларына жету орта мерзімді мақсатын қойып отыр.
Бүгінде Қазақстан инвестициялық белсенділікті ынталандыру және ұлттық экономиканың тиімділігін арттыру шараларын іске асыруды жалғастырып жатыр. Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және елдің Еуразияның жетекші транзиттік және инвестициялық хабы ретіндегі рөлін нығайтуға басымдық беріледі. Атап айтқанда бүгінгі таңда стратегиялық маңызы бар орта дәлізді қоса алғанда, 5 халықаралық теміржол және 8 автомобиль дәлізі іске қосылған.
Бұған қоса, еліміх сенімді және кредитке қабілетті әріптес мәртебесін растауда. Еліміз басты халықаралық S&P, Fitch және Moody’s секілді жетекші халықаралық агенттіктердің инвестициялық деңгейі рейтингіне ие. Бұл ретте S&P агенттігі жақында рейтинг бойынша болжамды «Позитивті» деңгейге көтерді, ал Moody's өткен жылы рейтингті Baa1-ге көтерді.
Қазақстанда инвесторлар үшін қолдаудың түрлі нысандары көзделген-инвестициялық келісімшарттар, салықтық және кедендік преференциялар, сондай-ақ 25 жылға дейінгі мерзімге заңнаманың тұрақтылығына кепілдік. Инвесторлармен өзара іс-қимыл «бірыңғай терезе»қағидаты бойынша әрекет ететін цифрлық инвестициялық платформа арқылы қамтамасыз етіледі.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы инвестициялық экожүйенің маңызды элементі ағылшын құқығының юрисдикциясы негізінде жұмыс істейді, қатысушылардың ашықтығы мен құқығын қорғаудың жоғары стандартын ұсынады. Бүгінде орталықта 80-нен астам елден 3500-ден астам компания тіркелген. Олардың жалпы инвестиция көлемі 14 млрд АҚШ долларынан асады.
Сонымен қатар Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші инвестициялық орталық ретіндегі позициясын нығайтып келеді. БҰҰ Сауда және даму конференциясының (ЮНКТАД) деректеріне сай, 2024 жылы теңізге шыға алмайтын мемлекеттер арасында іске асқан 5 greenfield-жобаның төртеуі Қазақстанға тиесілі болды.
Елге тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі $17,2 млрд құрады. Осы қаражат есебінен 45 жаңа жоба жүзеге асырылып, 6 200 жаңа жұмыс орны ашылды.
Инвестициялардың негізгі салалық құрылымы тау-кен өндіру өнеркәсібіне $6,5 млрд, өңдеу өнеркәсібіне $2,8 млрд, сауда – $5,3 млрд, ал кәсіби және ғылыми қызмет – $0,9 млрд көрсетті. Негізгі инвестор елдер қатарында Ресей ($4,1 млрд), Нидерланды ($3,8 млрд), Оңтүстік Корея, Бельгия және Қытай бар (әрқайсысы шамамен $1,2 млрд).
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында тікелей шетелдік инвестициялар ағыны $10,1 млрд болып, өткен жылмен салыстырғанда 1,1%-ға артқан.
Айта кетейік, еліміздің негізгі әріптестерінің қатарына Chevron, ExxonMobil, Shell, GE Transportation, Hyundai, KIA, Coca-Cola, Danone, Carlsberg, Lactalis және т. б. қоса алғанда, мұнай-газ, машина жасау, көлік және тамақ саласындағы компаниялар кіреді.