Қазақстан WJP Rule of Law Index 2025 жаһандық заң үстемдігі рейтингінде 143 елдің ішінде 66-шы орынды еншіледі. Еліміз былтырғы жылмен салыстырғанда аздаған – 1%-ға жетер-жетпес өсім көрсеткен.
Шығыс Еуропа және Орталық Азия аймағы санатында Қазақстан Грузия, Черногория және Косовоға жол бере отырып, 15 елдің ішінде 5-ші орынды иеленеді. Аталған аймақ бойынша соңғы орындарда Беларусь, Түркия және Ресей (әлемде 119-шы орын) тұр.
World Justice Project дерегінше, 2025 жылы әлем елдерінің 68%-ында заң үстемдігі деңгейінің төмендегені тіркелген. Былтыр бұл көрсеткіш 57%-ды құрады. Көрсеткіштің төмендеу себебі авторитарлық үрдістердің күш алуы, билікке бақылау жүргізудің әлсіреуі және азаматтық еркіндіктің азаюы болып отыр.
Бұл тұрғыда Қазақстанның жағдайы біршама жақсырақ. Елімізде «Пікір білдіру еркіндігі», «Жиналыстар мен қауымдастықтар еркіндігі» және «Азаматтық қатысу» секілді негізгі санаттар бойынша құлдырау тіркелмеген. Ал бұл көрсеткіштер 70%-дан астам елде төмендеп кеткен.
Азаматтық сот төрелігі саласында құлдырау байқалған. Сарапшылар мұны істерді қарау мерзімдерінің ұлғаюымен және дауларды шешудің баламалы тетіктері тиімділігінің төмендеуімен байланыстырады.
Жаһандық рейтингіде Дания, Норвегия, Финляндия, Швеция және Жаңа Зеландия көш бастады. Соңғы орындарда Венесуэла, Ауғанстан, Камбоджа, Гаити және Никарагуа тұр.
Рейтинг туралы
World Justice Project 2009 жылдан бері жариялап келе жатқан заң үстемдігі туралы негізгі халықаралық деректер көзі. Рейтинг планета халқының 95%-ын қамти отырып, 215 мың үй шаруашылығына жүргізілген сауалнама мен 143 елдегі 4100 сараптамалық бағалауға негізделген.
Дереккөз: WJP