Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Мәдениет
  3. Қазақстанға Пикассо, Бэнкси және Ван Гог қалай жеткізіледі
  1. Жаңалықтар
  2. Мәдениет
Astana, Kazakhstan • 22 қазан, 2025 | 22:37
2 минут - оқу уақыты

Қазақстанға Пикассо, Бэнкси және Ван Гог қалай жеткізіледі

Lumiere-Hall музейінің негізін қалаушы Полина Егармин жаңа мәдени дағдының қалыптасуы туралы айтып берді

Qazaqstan Monitor: Қазақстанға Пикассо, Бэнкси және Ван Гог қалай жеткізіледі

Астанада «Пабло Пикассо. Параграфтар» атты көрме ашылды. Испания суретшісінің еңбектері Қазақстанда алғаш рет ұсынылып отыр. Экспозицияны жеке Lumiere-Hall музейі ұйымдастырып, LM Kulanshi Art галереясында өткізді.

Әлемдік деңгейдегі картиналарды елге жеткізу оңай шаруа емес: музейлер кестесі алдындағы кезек, күрделі логистика, жәдігерлерді сақтаудың қатаң шарттары, тәулік бойы күзетіп жүру. Lumiere-Hall компаниясының тең иесі Полина Егарминнің айтуынша, қалай болғанда да, көрмеге барып, содан соң алған әсері туралы кешкі ас үстінде әңгімелеу сияқты жаңа мәдени әдет-дағды дәл осылай қалыптаса бастамақ.

«Біз жеке музей болсақ та, шағын ұйым емеспіз. Lumiere-Hall 2014 жылы құрылды. Алғашқы музейімізді Санкт-Петербургте аштық, онда 150-ден астам музей бар, бәсекелестік өте жоғары. Кейін Мәскеуден музей аштық», – дейді ол.

Қазіргі кезде Lumiere-Hall Амстердам мен Будапештте жұмыс істейді, ал жақында Астанадан өз кеңістігін ашады. Егерминнің айтуынша, командасының шағын болғанына қарамастан, музей желісі жеке коллекционерлермен сенімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді.

«Мәселен, Пикассоның еңбектерін жеткізуге көмектескен коллекционермен бұған дейін Қазақстанға Сальвадор Далидің туындыларын бірге алып келген едік. Оған Қазақстанда өтетін көрмелердің деңгейі қатты ұнайды».

Мұндай жұмыс дипломатиялық шеберлікті ғана емес, берік жүйке мен төзімділікті де талап етеді: келісімдер жүргізу, коллекцияны жалға алу, көрме кестесін жасау, ең қиыны ары-бері тасымалдап жүру оңай жұмыс емес.

«Бірде поп-арт көрмесін әкелдік. Уорхолдың еңбектерін ғана әкелдік, ал Кит Харингтің туындылары кеденде кідіріп қалды. Оларды іс-шара өтер сәтте ғана алып, түні бойы орнату жұмыстарымен айналыстық».

Картиналар арнайы қораптарда тасымалданады, нақты уақыт режимінде күзетшілер бақылап жүреді.

«Бэнксидің еңбектері арасында жол белгілері болды оларды әйнек астына салу мүмкін емес еді. Біз амалын тауып, әйнек астына қоя алдық. Қымбатқа шықса да, ең бастысы, қауіпсіз болды».

Бұл жұмыстың жауапкершілігі де орасан.

«Бір жолы музейді су басып қалған жағдай болды. Біз таксимен жедел жеткенше Сальвадор Далидің туындылары не болды екен деп қатты уайымдадық, өйткені су ыстық болып, будың салдарынан литографияға зиянын тигізе ме деп қорықтық. Сол сәтте «егер жәдігерлер бүлінсе, адам аяғы баспайтын аралға қашып кетуге тура келеді» деп әзілдеген едік».

Кейде күлкілі жағдайлар да болып тұрады екен.

«Бірде Бэнкси белгілерінің бірін дәріс өткізетін кеңсеге апарып қойдық. Ол тұғырда тұрған еді, кенет залға еден жуушы әйел кіріп келіп, оның өнер туындысы екенін білместен, шүберегімен сүрте жөнелмек болды».

Барлық қиындыққа қарамастан, Полина Егармин Қазақстанда көрме мәдениеті қалыптасып келеді деп сенеді.

«Бізге көрмеге отбасымен, балалармен, достарымен келетіндер көп. Біз жаңа мәдени дағдының қалыптасқанын қалаймыз: достармен мейрамханаға бармас бұрын алдымен көрмеге соғып, кейін алған әсерін кешкі ас үстінде бөлісу әдемі дәстүр ғой».

Бұған дейін Lumiere-Hall Қазақстанға Дали мен Бэнксидің көрмелерін әкелген, енді Пикассо туындыларын ұсынады. Алдағы уақытта команда бағытын кеңейтіп, жаңа есімдерді таныстыруды жоспарлап отыр.

«Өнер ләззат сыйлайды. Бұл жасағаныңды сата қоятын өндіріс орны емес. Иә, бұл да бизнес, дегенмен ол көл-көсір эмоция сыйлай біледі».

Толық материалды Mustafin Magazine сайтынан оқи аласыз.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.