Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Мәдениет
  3. Джеки Чанның жаңа фильмін қазақстандық режиссер түсіреді
  1. Жаңалықтар
  2. Мәдениет
Astana, Kazakhstan • 22 қазан, 2025 | 21:10
1 минут - оқу уақыты

Джеки Чанның жаңа фильмін қазақстандық режиссер түсіреді

«Құдай сауыты: Ультиматум» фильмі 2026 жылы түсіріле бастайды

Фото: Sәlem Entertainment
Фото: Sәlem Entertainment

Қазақстандық режиссер Роберт Кун Джеки Чан ойнайтын әйгілі франшизаның төртінші бөлігі «Құдайсауыты: Ультиматум» фильмін түсіреді. Атақты актер режиссерді жеке өзі таңдады, деп хабарлады Sәlem Entertainment медиакомпаниясы.

Картинаның түсірілімі 2026 жылдың көктемінде басталады.

«Мұндай деңгейдегі халықаралық жобаның режиссері болу – мен үшін үлкен мәртебе. Біз бала күнімізден фильмдерін сүйіп көрген тұлғамен қатар жұмыс істейтініме әлі де сене алмаймын. Бүкіл командамыз осы жобаны отандық киноиндустрия дамуына серпін беретін туындыға айналдыруға ұмтылып отыр, сол үшін түсірілімге қазақстандық мамандар тартылады. Бұл – үлкен жауапкершілік, көрермендеріміз бен отандастарымыздың қолдауына үміт артамыз», – деді Роберт Кун.

Роберт Кун – Action Studio Kun-Do студиясының жетекшісі. Қазақстанда ол Рүстем Омаровтың MEOW, OFFSIDE және «Патруль: Соңғы бұйрық» жобаларындағы рөлдері арқылы танымал.

Халықаралық киноиндустрияда Роберт Кун экшн-көріністер режиссері ретінде 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Оның портфолиосында Disney, Paramount, 20th Century Fox, Universal және MGM студияларының жобалары бар. Ол сондай-ақ «Күндізгі күзет», «Аса қауіпті», «Президент Линкольн: Вампир аулаушы», «Бен-Гур», «Ол айдаһар», «Алғашқылар дәуірі», «Майор Гром: Ойын», сондай-ақ «Соңғы батыр» франшизасының барлық бөлігінің түсіріліміне қатысқан.

Бұған дейін Sәlem Entertainment компаниясы актер Джеки Чан қатысатын атақты «Құдай сауыты» франшизасының төртінші бөлімі Қазақстанда түсірілетінін хабарлаған еді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.