Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Тұлғалар
  3. Танымал сопрано Альбина Шагимуратова Астанада концерт берді
  1. Жаңалықтар
  2. Тұлғалар
Astana, Kazakhstan • 22 қазан, 2025 | 23:55
2 минут - оқу уақыты

Танымал сопрано Альбина Шагимуратова Астанада концерт берді

Кешті Е.Рахмадиевтің әйгілі «Құдаша-думан» симфониялық күйі ашты

Фото:  «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі
Фото: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

Альбина Шагимуратова 11 қазанда «Астана Операда» өнер көрсетті. Ол ауқымды гастрольдік тур аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедьяровтың жетекшілігіндегі «Астана Опера» симфониялық оркестрінің сүйемелдеуінде дарынды жас әріптестерімен бірге сахнаға шығып, «Альбина Шагимуратова және М.И.Глинка атындағы XХVII халықаралық вокалистер байқауының дипломанттары» бағдарламасын таныстырды.

Альбина Шагимуратованың айтуынша, байқаудың негізін салушы аңызға айналған тұлға Ирина Архипованың жүз жылдығына арналған турда Қазақстан ерекше орын алады.

Кешті Е.Рахмадиевтің әйгілі «Құдаша-думан» симфониялық күйі ашты. Кеш бағдарламасы керемет құрастырылып, классикалық мұраның қуаты мен вокалистердің сан қырын паш етті. Жетекші әлемдік басылымдардың сыншылары «феномен» деп атайтын әнші италиялық композитор Эрнесто де Куртистің Non ti scordar di me («Не забывай меня») әнін ұсынды.

Байқау лауреаттарының өнер көрсетулері концертке айрықша көрік берді. Екатерина Савинкова, Валентина Правдина, Отабек Назиров, Кирилл Попов пен Константин Федотовтың орындауындағы М.Глинканың «Руслан мен Людмила», Дж.Вердидің «Травиата» мен «Риголетто», Ш.Гуноның «Фауст», П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операларынан және тағы басқа жауһарлардан ариялар жас әртістердің жоғары деңгейін көрсетті. В.Правдина мен К.Федотовтың орындауындағы Дон Жуан мен Церлинаның дуэті (В.А.Моцарт), сондай-ақ Е.Савинкова мен О.Назировтың орындауындағы «Риголетто» операсынан дуэт көрермендердің ерекше таңданысын туғызды.

«Травиата» операсынан әйгілі үстел басындағы ән кештің жарқын финалы болды, оны концерттің барлық қатысушысы орындады.

«Неополитандық әндер деп аталатын санаттан италиялық композитордың әні шырқалған кезде залда мүлгіген тыныштық орнап, барлығы әншінің орындауын ұйып тыңдады. Менің ойымша, бұл барлық көрермен аудиториясы үшін үлкен қуаныш болды, - деп концерттен кейін пікірімен бөлісті Раушан Каукова есімді көрермен».

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.