Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Тұлғалар
  3. Болашақ – тас пен киізде: дизайнер Данияр Үдербеков бұйымдармен үндестік жайлы
  1. Жаңалықтар
  2. Тұлғалар
Astana, Kazakhstan • 23 қазан, 2025 | 04:18
3 минут - оқу уақыты

Болашақ – тас пен киізде: дизайнер Данияр Үдербеков бұйымдармен үндестік жайлы

Дала модернизмі, көшпелілер сабақтастығы және ерекше кроссовка жайлы әңгіме

Qazaqstan Monitor: Болашақ – тас пен киізде: дизайнер Данияр Үдербеков бұйымдармен үндестік жайлы

Данияр Үдербеков үшін бұйым жай ғана құрал емес, жанды серіктес те. Шебердің басты қағидасы материалмен үндесе жұмыс істей білу.

Бұрын жарнама саласында істеген ол кейіннен қолөнерге бет бұрып, тас, киіз және 3D-баспа технологияларын зерттейтін зертхана құрған екен.

«Қырық жасымда қайта оқуға түстім. Үйімдегі кейбір затты мектепке бармай тұрған кезімде-ақ өзім жасаған едім. Қолмен жұмыс істеу ерекше рахат сыйлайтын, бірақ бұл істе әрдайым бір жүйе жетіспей тұратын. Бір жылдық оқу барысында бәрі орнына келді, сөйтіп қай бағытта жүріп, не істеу керек екенін және өз болмысымды қалай танытуды түсіне алдым», дейді Данияр Үдербеков.

Оның ұстанымы: «Өзіңді де, бұйымды да, ресурсты да қинамау керек». Данияр дайын шешімдерден гөрі, табиғи пішіндерді іздегенді жөн көреді.

«Бірде маған 100 келіден асатын, бір жағы тегіс, екінші жағы домалақ келген ауыр тас керек болды. Ондай тастар Алматының өзен аңғарларында көп кездеседі. Қолдан пішін жасап, қашап отырғанша, табиғаттың өзі жасап қойған заттарды тауып, қалауыма сай қолдана беремін» дейді ол.

Ол технологияны қолөнердің жалғасы ретінде қабылдайтынын айтады. Станок болмаса, 3D-принтер көмекке келеді, ал тігінші болмаса, әркез пішінін сақтап тұратын киізді қолдана береді. «Неолит + технология» ол болашақ идеясын осылай сипаттайды.

«20-30 жылдан кейін алып зауыттар азайып, өндіріс шағын шеберханаларға бөлініп кетеді. Тауарлар жергілікті деңгейде өндіріледі, тұтынылады және қайта өңделеді», - дейді Данияр.

Ол этно-қалыптан қашатынын айтады: «Мен ою-өрнекті орынды-орынсыз пайдаланудан саналы түрде бас тарттым. Бір кездері ою-өрнек ұлттың тілі еді, оның мағынасы терең болатын. Ал бүгінде көбінесе жасандылыққа ұқсап барады».

Дизайнердің философиялық тұрғыдан ойлайтынын байқауға болады: «Менің бұйымдарым биологиялық жолмен ыдырап кетеді: жерге көміп тастасаң, бірнеше жылдан кейін ізі де қалмайды, ал қызмет ету мерзімі ондаған жылға жетеді. Мен көшпелі мәдениеттің мұрагері болғым келеді, яғни «із қалдырмау» қағидасын ұстанамын».

«Greenwashing бұл өсу кезеңіндегі ауру. «Пакетке қарсы пакет» деген даулар тығырыққа тірейтін әңгіме, бірақ пластикті қайта өңдеп, 3D-баспаға пайдалануды нақты пайда деуге болады. Сұрыпталған қоқысты артынша қайта араластырып жіберу де алғашқы қадам. Уақыт өте келе бәрі өз мәнін табады», - дейді ол.

«Менің мақсатым болашақтың ықтимал заттық әлемін бейнелеу. Біреуге ол оғаш болып көрінуі, енді біреу үшін 20-40 жылдан кейінгі өмірдің мәніне айналуы мүмкін», - дейді дизайнер. Оның шеберханасындағы тас та, киіз де, технология да бір идеяның бөлшегі болып, бұйым мен мен уақытқа деген құрметпен астасып кеткен.

Данияр Үдербековпен толық сұхбатты Mustafin Magazine сайтынан оқи аласыз.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.